Астанада кәуапшы өзгенің шотынан 1 млн теңге жымқырған
Астанада кәуапшы өзгенің шотынан 1 млн теңге жымқырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы ПД Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен елорданың 31 жастағы тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында ер адамның сол жақ жағалауда орналасқан кафеде кәуапшы болып жұмыс істейтіні белгілі болды. Ойын-сауық мекемесінің келушілері арасында туындаған жанжалды пайдаланған күдікті, жерде жатқан Росо Х-5 телефонын жасырын алып кеткен. Банк қосымшасының ашық тұрғанын көрген ер адам, қылмыстық оймен бірнеше таныстарының шотына жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам ақшаны аударған.
Телефонын жоғалтқан жәбірленуші кейін шотында ақша жоғын көрген соң полицияға хабарласқан. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.