Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада көлігінің мемлекеттік нөмірін әдейі жасырып қойған жүргізуші ұсталды

Астанада көлігінің мемлекеттік нөмірін әдейі жасырып қойған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада "Жалған мемлекеттік нөмірлер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Күйгенжар бекетінде полицейлер Howo жүк көлігін тоқтатты. Тексеру барысында оның жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеуден және бейнебақылау арқылы тіркелетін құқық бұзушылықтардан жалтару мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін әдейі жасырғаны анықталды.

Жүргізуші алдыңғы мемлекеттік нөмірді техникалық май — солидолмен жауып қойған, ал артқы нөмірді қардан әдейі тазаламаған, соның салдарынан нөмір белгісі оқылмайтын күйге түскен.
Аталған дерек бойынша жүргізуші мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін сәйкестендіруге кедергі келтіретін материалдарды қолдана отырып көлік құралын басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен қамауға алынып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Көлік коммуналдық айып тұрағына қойылды.

Іс-шара басталғалы бері елордада барлығы 726 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде мемлекеттік тіркеу нөмірлері оқылмайтын немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарудың 176 дерегі, нөмірсіз көлік басқарудың 41 фактісі, жалған нөмір қолданудың 5 жағдайы, сондай-ақ нөмір белгілерін тануға кедергі келтіретін материалдарды пайдаланудың 7 дерегі тіркелді.

Полиция мемлекеттік нөмір белгілерін жасыруға, өзгертуге немесе оқылмайтын күйге келтіруге бағытталған кез келген әрекет заңнамаға қайшы екенін және жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Жол қозғалысы ережелерін сақтау — әрбір жүргізушінің міндеті ғана емес, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған үлес.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру