Астанада көлік полицейлері қауіпсіздік сабағын өткізді
Көлік полицейлері Астанада қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі ПД-ның Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері теміржолға жақын орналасқан Астана қаласының №36 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары және педагогтарымен теміржол көлігі объектілерінде балалардың жарақат алуы, құқық бұзушылық жасау фактілерінің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыс жүргізді.
Кездесу барысында көлік полицейлері оқушыларға теміржолдағы қауіпсіз жүріп-тұру ережелері туралы кеңінен айтып берді. Балалар өткелдерде өзін қалай ұстау керектігі және белгіленбеген жерлерден өтудің соңы қандай зардаптарға әкеп соқтыратындығы жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.
Сонымен қатар олар вокзал саябағында теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін жиі бұзатын жаяу жүргіншілерді анықтау мақсатында полиция қызметкерлері ұйымдастырған рейдке де қатысты.
Астана станциясындағы ЖПБ-ның әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Абай Килыбаевтың айтуынша, соңғы уақытта азаматтардың темір жол жарақатын алу фактілері жиілеген. Әсіресе кәмелетке толмаған балалардың жарақаттануы ерекше алаңдатады. Мәселен биылғы жылдың басынан бері еліміз бойынша 32 темір жол жарақатын алу фактісі тіркелген болса, оның жартысынан көбі өліммен аяқталды, соның ішінде 1 бала бар.
Жоғарыда аталған мектептің оқушыларының басым бөлігі теміржол көлігі объектілеріне жақын тұратынын айтты. Сондықтан алдағы жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Өйткені демалыстағы балалар сыртта көп уақыт өткізеді, соның салдарынан олар көбінесе ата-ананың бақылаусыз қалады.
– Теміржол қауіпті аймақ екендігін үнемі есте сақтау керек. Осыған байланысты азаматтарды темір жол көлігі нысандарында болған кезде аса мұқият болуға шақырамыз. Әсіресе қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн. Өзіңіз бен балаларыңыздың өмірін сақтаңыз, – деп түйіндеді А. Қилыбаев.
Кездесу соңында оқушыларға профилактикалық сипаттағы буклеттер мен жадынамалар таратылды.