Астанада көліктен телефон ұрлаған азамат құрықталды
Астанада көліктен телефон ұрлаған азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны Байқоңыр ауданының полиция басқармасына көлігінен телефоны ұрланғаны туралы арызданған. Осылайша, белгісіз біреу Opel Аstra көлігінен Xioami телефонын ұрлағаны белгілі болды.
Криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шығыс Қазақстан облысының 38 жастағы тұрғынын анықтады. Күдікті түнгі уақытта Тәшенов көшесінің бойындағы көліктің салонында жүргізуші ұйықтап жатқанын көргенін айтты. Сөйтіп, есік тұтқасын тартып, көлік есігінің құлыпталмағанына көз жеткізіп, салонға кіріп, Xioami телефонын ұрлап кеткен. Аталған тұлғаның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушіге 250 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Тіркелген факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам кінәсін мойындап, заттай айғақтар тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктінің елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.