Астанада көлікті мас күйде жүргізген 30-ға жуық жүргізушісі ұсталды
Астанада көлікті мас күйде жүргізген 30-ға жуық жүргізушісі ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында мереке күндері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген “Мас жүргізуші” жедел алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлері Бауыржан Момышұлы даңғылының бойында Haval автокөлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде көлік тізгінінде отырған азаматтың жүргізуші куәлігі жоқ екені және алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар көліктің заңды иесі де мас күйде болып, автокөлікті жүргізуші куәлігі жоқ досына басқаруға бергені белгілі болды.
Медициналық тексерістің нәтижесінде екі азаматтың да масаң күйде болғаны расталды. Оларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, Haval автокөлігі айыппұл тұрағына орналастырылды.
Соттың шешімімен автокөлік иесі 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Ал көлік жүргізушісі 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар мереке күндері полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша 31 құқық бұзушылық анықтады.