Астанада мас күйде көлік басқарған жүргізушілер анықталды
Астанада мас күйде көлік басқарған жүргізушілер анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінің мамандандырылған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Мас жүргізуші – қылмыскер" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Іс-шара барысында 01:30 шамасында Мәңгілік Ел көшесінде HYUNDAI ELANTRA автокөлігін басқарған 23 жастағы жүргізуші тоқтатылды. Тексеру нәтижесінде оның алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны анықталды. Сондай-ақ аталған азаматтың жүргізуші куәлігін алмағаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша жүргізуші Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 тәулікке қамауға алынды. Көлік құралы белгіленген тәртіппен арнайы айыптұраққа қойылып, материалдар заң талаптарына сәйкес рәсімделді.
Демалыс күндері жүргізілген рейд барысында барлығы 24 құқық бұзушылық анықталды.
Астана қаласы полиция департаменті алкогольдік масаң күйде, тіпті жеңіл дәрежеде болса да, көлік басқару жол қозғалысына елеулі қауіп төндіретінін ескертеді және азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар елорда аумағында алдағы уақытта да жалғасын табады.
