Астанада масаң күйде көлік тізгіндеген әйелдің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды
Астанада масаң күйде көлік тізгіндеген әйелдің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен Hyundai Accent көлігінің жүргізушісі “102” пультіне мас күйінде рөлде отырған әйел туралы хабарлаған.
Анықталғандай Chery Tiggo 2Pro автокөлігінің жүргізушісі Майлина көшесімен Абылай хан даңғылына қарай келе жатып, қарсы бағытқа шығып кетіп, Hyundai Accent көлігімен жанама соқтығысқан. Оқиға салдарынан Hyundai Accent көлігінің жолаушысы зардап шегіп, көлік механикалық зақым алғаны белгілі болған.
Осы факті негізінде бұрын көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылған тәртіп бұзушы одан әрі іс жүргізу және процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жеткізілді.
Тексеру нәтижесі бойынша 38 жастағы жүргізуші әйелдің қанында алкоголь мөлшері 1,99 промилле құрамы болғаны расталып, “орташа ауырлықтағы” масаң күйде болған.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Chery Tiggo 2Pro көлігі коммуналдық тұраққа қойылды.