Астанада мемлекеттік органдармен және сарапшылармен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселесі талқыланды
Астанада киберқылмысқа және ақпараттық–коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу бойынша ведомствоаралық үйлестіру тобының отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға халықаралық және қазақстандық сарапшылар, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің өкілдері қатысты.
Ақпараттық технологиялардың дамуымен киберқылмыс та қарқын алып жатыр. Қаскүнемдер интернетті алаяқтық, есірткі сату және басқа да қылмыстар үшін пайдаланып келеді.
– Өткен жылдан бері біз ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі және мемлекеттік органдармен бірлескен жобаны іске қостық. Ол киберқылмысқа қарсы тиімді саясатты әзірлеуге бағытталған. ІІМ жанынан ведомствоаралық топ құрылды. Кешенді жоспардың жобасы дайындалды, – деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев.
Жалпы жоба кешенді тәсілді көздейді және үш негізгі бағытты қамтиды: заңнамалық, құқық қорғау органдарының білім беру жүйесіне кешенді және тұрақты тәсілді енгізу, сондай-ақ халықты ақпараттандыру.
– ІІМ-ге ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл ведомствоның қызметкерлері киберқылмыспен тұрақты күрестің алдыңғы шебінде. Олардың осы қылмыстарды тергеуде және қылмыскерлерді жауапқа тартуда қандай қиындықтарға тап болатынын білеміз, – деді Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт.
Киберқылмыстар трансшекаралық сипатқа ие және бүкіл әлемде кең таралған. Қазақстанда сегіз айда интернет–алаяқтықтың 13 мыңнан астам фактісі тіркелген.
Ішкі істер министрлігі осындай қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша ұйымдастырушылық–практикалық шаралар кешенін қабылдауда. Мүдделі мемлекеттік органдармен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлер арқылы шетелден жасалатын қоңырауларға техникалық тосқауыл қойылды. Байланыс операторларының дерекқорларын интеграциялау басталғаннан бері 58 миллионнан астам қоңырау бұғатталды (2022 жылдың қарашасынан).
Сондай-ақ кездесуде киберқылмысқа қарсы күресте жеке сектормен өзара іс-қимыл, халықаралық ынтымақтастық, жаңа қауіп-қатерлерге тосқауыл қоюға қабілетті кадр даярлау мәселелері талқыланды.