Астанада оқушыларға буллингтің алдын алу және жол жүру ережелерін сақтау бойынша дәрістер ұйымдастырылды
Астанада оқушыларға буллингтің алдын алу және жол жүру ережелерін сақтау бойынша дәрістер өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіпті болу – ең алдымен мектеп қабырғасынан басталады. Мағжан Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясының 1–4 және 7–10 сынып оқушыларына арналған тәрбиелік іс-шаралар өткізілді. Аталған іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары Ерлан Қаратаев, Айсұлу Иманова және мектеп тәлімгерлерімен бірлесіп оқушылармен кездесу өткізді. Маңызды тақырыптар бойынша дәрістер оқылды.
Дәрістердің негізгі тақырыптары – буллингтің алдын алу және жол жүру ережелерін сақтау болды. Іс-шараның басты мақсаты – мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдастықпен қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыру және жолдағы қауіпсіздік ережелерін меңгерту.
Буллинг тақырыбындағы дәріс барысында оқушыларға өзара сыйластық, түсіністік, құрдастар арасындағы кикілжіңдерді шешудің жолдары және буллинг жағдайында кімге және қалай жүгіну керектігі түсіндірілді. Жол ережелеріне арналған бөлімде оқушылар жаяу жүргінші ретінде және жолаушы ретінде жолдағы қауіпсіздік ережелерімен танысты.
Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, оқушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Олар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала білді. Осындай тәрбиелік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.