Астанада өзгенің құрылыс материалдарын қолды қылған күдікті ұсталды
Астанада өзгенің құрылыс материалдарын қолды қылған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлерге қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу оның контейнерінен құрылыс материалдарын ұрлап, 150 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтіргенін айтқан. Жәбірленушінің айтуынша, ол тоқтап тұрған көлікке бару үшін 10 минутқа бутиктен кетіп, тұрған жерін қараусыз қалдырған. Қайтып келгенде, ол мүлкінің жоғалғанын бірден байқаған.
Аталған жағдайды анықтауға Сарыарқа аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылып, жедел іздестіру шаралары барысында құрылыс базарының аумағында ұрлық жасаған 37 жастағы ер адамды күдікті деп ұстаған. Күдікті контейнерге сатып алушы атын жамылып кіріп, иесінің жоқтығын пайдаланып, 15 сантехникалық шүмекті иемденіп кеткен. Ол асығыс ұрланған заттарды рюкзактарына, қалғандарын күртешелерінің қалталарына салып, кейін сол базарда сатқаны белгілі болған.
Ер адам кінәсін мойындады, заттай айғақтар алынды, оның қалада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексерілуде.
Бұл факті бойынша ұрлық бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.