Астанада ПД бастығы апатты жол учаскелерін тексерді
Астанада ПД бастығы апатты жол учаскелерін тексерді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев көше-жол желісінің апатты учаскелерін тексерді.
Жыл басынан бері Астанада 1700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Іс-шара өткізу кезінде 2453 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды, оның 131-і жүк көліктерінің жүргізушілеріне тиесілі.
Сонымен қатар полицейлер жол жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Ол үшін көше бейнекамералары, смарт-жетондар, автопатрульдердегі камералар сияқты кешенді құралдар пайдаланылады. “Бірыңғай дрондар инфрақұрылымына” ерекше назар аударылған, оның аясында жол қозғалысына әуе бақылауы ұйымдастырылады.
— 2020–2024 жылдар аралығында айналма жолдың – Қарағанды тасжолынан Көкшетау тасжолына дейінгі учаскесінде 89 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның салдарынан 16 адам қаза тауып, 102 адам жарақат алды. Аталған учаске Алматы – Екатеринбург халықаралық транзиттік бағытының бөлігі. Жол-көлік оқиғалары көбіне қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр және жылдамдық режимін бұзу салдарынан болған. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында тұтас жолақтың ұзындығы ұлғайтылды, жылдамдықты төмендету белгілері орнатылды, “Сергек” камералары енгізілді, сондай-ақ жылдамдықты асырғандарды тіркейтінЕкин патруль” экипаждары жұмысы жолға қойылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде – 2025 жылы осы учаскеде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ, — деді Марат Төлебаев.
Биылғы жылы сондай-ақ жеті қиылыста бағдаршамдардың жұмыс режимі өзгертілді. Жол-көлік оқиғаларын талдау нәтижесі бойынша режим түзетілгеннен кейін ЖКО саны азайды.
Енді қызыл сигнал барлық бағыт үшін 4 секундқа бір мезгілде жанады, бұл маневрді қауіпсіз аяқтауға және қиылысты босатуға мүмкіндік береді.
Мысалдардың бірі – Қараменді би Шақаұлы мен Земляничная көшелерінің қиылысы. Бұған дейін бұл жерде 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бағдаршам режимі өзгертілгеннен кейін мұнда жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ.
Әрбір жол-көлік оқиғасы жеке талданады, жол параметрлері мен жағдайы зерттеледі, кейін жол инфрақұрылымын түзету бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ осындай ЖКО-лардың қайталануына жол бермеу үшін олар болған жерлерде де, қаланың басқа көшелерінде де құқық бұзушылықтарды заманауи техникалық кешендер арқылы тіркеу күшейтілуде.
Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау – сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің кепілі екенін еске салады.
