Астанада пиротехникаға қатысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Астанада пиротехникаға қатысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының полиция департаменті төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 5 желтоқсаннан 2026 жылдың 3 қаңтарына дейін қала аумағында заңсыз айналымдағы және сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді анықтап, тәркілеуге бағытталған "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Бұл шара жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарға сұраныс артуына байланысты қауіпсіздік талаптарын күшейту, сондай-ақ сапасыз әрі қауіпті өнімдердің тұрғындар қолына түсуіне жол бермеу мақсатында ұйымдастырылған.
Іс-шара барысында полиция және ТЖД қызметкерлері сауда нүктелерін, базарларды және уақытша павильондарды тексеріп, заңсыз өнімдерді анықтауға бағытталған рейдтер жүргізуде.
ЖПІШ-тің негізгі міндеттері — сертификатталмаған және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін пиротехниканы заңсыз сатуды анықтау, сақтау, тасымалдау және өткізу ережелерінің бұзылуына жол бермеу, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Полиция департаменті қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге ескерту жасайды: пиротехникалық бұйымдарды контейнерлерден тыс жерде, тиісті рұқсат құжаттары мен арнайы лицензиясы жоқ тұлғалардың ашық павильондарда, автокөліктерде, шатырларда, қолма-қол сауда орындарында және жерасты өткелдерінде сатуына қатаң тыйым салынады.
Құқық қорғау органдары күмәнді сауда орындары туралы ақпаратты "102" нөміріне немесе "102" мобильді қосымшасы арқылы хабарлауды сұрайды.
