Астанада "Пиротехника" ЖПІШ аясында бірқатар заң бұзушылық анықталды
Астанада "Пиротехника" ЖПІШ аясында бірқатар заң бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымының алдын алу және жолын кесу мақсатында "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қала аумағындағы сауда нысандарын тексеріп, тиісті рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтады.
Атап айтқанда, Алматы ауданы аумағында Күйші Дина көшесінде орналасқан дүкендердің бірінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату дерегі тіркелді. Тексеру нәтижесінде 9 дана пиротехникалық өнім тәркіленді.
Сонымен қатар Нұра ауданының полиция басқармасы қызметкерлері Асфендияров көшесіндегі жүргізген тексеру барысында тиісті құжаттарсыз сатылып жатқан 4 петарданы анықталды.
Есіл ауданы аумағында учаскелік полиция инспекторлары Керей-Жәнібек хандар көшесінде орналасқан сауда нысанында 1 пиротехникалық бұйымның заңсыз сатылғанын анықтады. Бұл дерек бойынша да тиісті шаралар қолданылды.
Бұдан бөлек, Байқоңыр ауданы аумағында орналасқан базарлардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз сатылған 20 петарда тәркіленді. Сондай-ақ осы ауданның Жұбанов көшесінде орналасқан дүкенде 5 петарданы заңсыз сату фактісі тіркелді. Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша жауапты тұлғалар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтар мен кәсіпкерлерге пиротехникалық бұйымдарды сақтау, сату және пайдалану кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Пиротехниканы заңсыз сату мен қолдану адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.
