Астанада пластик терезе орнатамын деп алдаған алаяқ ұсталды
Астанада пластик терезе орнатамын деп алдаған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада тұрғындарға пластик терезе орнатуды ұсынып, сенімге кіріп, алаяқтық жасаған азамат қолға түсті. Анықталғандай, ол бұған дейін пластик терезе орнатумен айналысатын кәсіпорында жұмыс істеген. Кәсіпорын жабылғаннан кейін, бұл азамат бұрынғы кәсібінен заңсыз пайда табуды жалғастыруды шешкен.
OLX платформасына терезе орнату туралы хабарландыру орналастырып, оның өтірігіне шамамен 15 адам алданған. Әр клиентке келіп, қажетті өлшемдерді алып, алдын ала төлем сұраған соң, ізін суытқан.
Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктіні қолға түсірді. Ол – 32 жастағы азамат, жалпы алданған қаражат көлемі шамамен 3 миллион теңгені құрайды. Тергеу барысында күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырып, бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жасаудан бас тартуға кеңес береді. Тәртіп сақшылары тұрғындарды алаяқтардың айласына түспей, қырағылық танытуға үндейді.