Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полицейлер алаяқтықпен айналысқан күдіктіні құрықтады

Астанада полицейлер алаяқтықпен айналысқан күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада тәртіп сақшылары инвестиция арқылы қаражатты көбейтіп беруді уәде еткен бірнеше алаяқтық қылмысын жасаған деген күдікпен 30 жастағы тұрғынды қолға түсірді.

Тергеу мәліметінше, күдікті мессенджерде топтық чаттар құрып, алдымен өз таныстарын, кейін олар арқылы басқа азаматтарды сол чатқа қосып отырған. Өзін табысты инвестор ретінде таныстырған ол топтағы адамдарға жинақ қорларын көбейтіп беруді ұсынған.

Алғашқы кезеңде әйел аз мөлшерде салынған қаржыны пайдасымен қайтарып, азаматтардың сеніміне кірген. Осыдан кейін ол бірнеше азаматты 100 000 теңгеден 1 миллион теңгеге дейін ірі сомалар салуды ұсынып, жоғары табыс табуға уәде берген. Ақшаны алған соң күдікті байланысқа шықпай, із–түзсіз жоғалып отырған.

Қазіргі таңда 13 эпизод тіркелді. Жекелеген фактілер бойынша залалдың жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеге жуық. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде астаналық полицейлер күдіктіні басқа өңір аумағынан анықтап, ұстады.

Полиция азаматтарды сақ болуға және жеңіл табыс немесе ақшаны жылдам көбейтіп беруді уәде ететін адамдарға сенбеуге шақырады. Кез келген инвестиция тек ресми тіркелген қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру