Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полицейлер автокөліктің жүксалғышынан ұрлық жасаған күдіктіні ұстады

Астанада полицейлер автокөлік жүксалғышынан ұрлық жасаған күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласының полиция қызметкерлері Dodge Stratus автокөлігінің жүксалғышынан құрылыс құрал-саймандарын ұрлаған 33 жастағы ер адамды құрықтады.

Тергеу барысында анықталғандай, бұрын сотталған күдікті бұрауыштың көмегімен көлік жүксалғышын заңсыз ашып, ішіндегі құрылысқа қажетті құрал-саймандарды алып кеткен. Бұл әрекеті арқылы жәбірленушіге 170 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Сонымен қатар күдіктінің ұрланған заттарды белгілі бір жерге апарып жасырғаны белгілі болды. Алайда кейінірек бұл құрал-саймандарды тағы да белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Қазіргі таңда екінші ұрлық дерегі бойынша да тергеу жүргізіліп, кінәлі тұлғалар анықталуда.

Күдікті өз кінәсін толық мойындады және қамауға алынды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті тұрғындарға автокөліктерін қараусыз қалдырмауға, құнды заттарды ашық көрінетін жерлерге қоймауға және қауіпсіздік шараларын күшейтуге кеңес береді. Қырағылық – мүліктік қауіпсіздіктің кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру