Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полицейлер балабақшадағы бүлдіршіндермен кездесті

Астанада полицейлер балабақшадағы бүлдіршіндермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында полицейлер "Айгөлек" балабақшасының "Бәйтерек" тобының тәрбиеленушілерімен қауіпсіздік негіздерін үйретуге бағытталған тәрбиелік-профилактикалық іс-шара өткізді. Жас ерекшеліктері 3–4 жас аралығындағы бүлдіршіндермен өткен бұл кездесудің басты мақсаты – қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын ерте жастан қалыптастыру.

Іс-шараға Астана қаласы ПД-ның қызметкерлері – Айсұлу Иманова мен Шұғыла Маутбекова қатысып, балалармен жылы жүздесіп, түсінікті әрі қызықты тілде маңызды тақырыптарды қозғады.

Бүлдіршіндерге арнап арнайы бояғыштар таратылып, қауіпсіздік ережелері бейнеленген суреттерді бірге бояу ұсынылды. Бұл – балалардың ережелерді есте сақтауына көмектесетін тиімді тәсіл болды. Жолда жүру мәдениеті, ойын алаңындағы тәртіп, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас және төтенше жағдайдағы әрекет ету (мысалы, 102 нөмірін білу) секілді маңызды мәліметтер ойын түрінде жеткізілді.

Балабақша ұжымы мен ата-аналар тарапынан шара жоғары бағаланып, осындай бастамалардың тәрбиелік мәні зор екені атап өтілді.

— Қауіпсіздік негіздері – баланың алғашқы тәрбиесінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Біз тек ереже айтумен шектелмей, баланың бойына сенімділік пен сақтықты сіңіруіміз қажет, — деді Айсұлу Иманова.

Мұндай шаралар арқылы бала қауіпсіздігінің мәдениеті ерте жастан қалыптасып, саналы азамат ретінде тәрбиеленуіне берік негіз қаланады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру