Астанада полицейлер бірнеше ұрлықтың бетін ашты
Астанада полицейлер бірнеше ұрлықтың бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық жасады деген күдікпен 37 жастағы әйелді ұстады. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті пәтерді тәуліктік жалға беру кезінде жағдайды пайдаланып, жалға алушының алтын сырғасы мен алқасын ұрлап кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 500 мың теңгені құрады.
Сонымен қатар елордалық тәртіп сақшылары өзгенің банк карточкасын заңсыз пайдаланған 33 жастағы ер адамды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша күдікті сауда орталықтарының бірінің маңында жерден өзге біреуге тиесілі каточканы тауып алған. Алайда картаны иесіне қайтарудың немесе банкке тапсырудың орнына, ол қаладағы құрылыс дүкендерінде сауда жасаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 420 мың теңгеден асты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары және бейнебақылау камераларының жазбалары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды.
Тағы бір жағдайда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көпқабатты тұрғын үйдің ауласында тұрған автокөліктен аккумулятор ұрлаған 36 жастағы ер адамды ұстады.
Алдын ала мәліметтер бойынша сол тұрғын үй кешенінде жұмыс істейтін ер адам бір апта бойы иесіз қалғандай көрінген көлікті бақылаған.
Иесінің ұзақ уақыт бойы келмейтініне көз жеткізген ол бір кеште өзінің көлігімен келіп, автокөліктің ашық тұрған артқы есігінен ішке кіріп, орындықтың астында жатқан аккумуляторды жасырын алып кеткен. Кейін оқиға орнынан шығып, қала маңындағы үйіне кетіп қалған.
Күдіктінің жеке басы бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ол ұсталды.