Астанада полицейлер бірқатар электронды жабдықтар ұрлығына қатысты күдіктіні ұстады
Астанада полицейлер бірқатар электронды жабдықтар ұрлығына қатысты күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел іздестіру бөлімінің полицейлері Астанадағы электроника дүкендерден жасалған ұрлықтардың бірқатарын әшкереледі. Ұрлық орын алған сауда орындарының үш өкілі полицияға арызданған.
Зардап шеккендердің бірі хабарлағандай, күндіз келушілер сауда алаңынан бірнеше PS джойстиктері мен ойын контроллерін алып шығып, 125 мың теңгеден астам шығын келтірген. Тағы бір жағдайда ол екі дүкеннен жалпы құны шамамен 140 мың теңгені құрайтын бірнеше 4G Altel модемдері мен ALTEL SIM пакеттерін ұрлап кеткен.
Бақылау камералары қызметкерлердің қырағылық жоғалтқан сәтін пайдаланып, клиенттің кейпіне кірген күдіктінің тауарды рюкзакқа қалай салып жатқанын анық көрсетеді. Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер ұрлықпен айналысқан 32 жастағы елорда тұрғынын ұстады.
Күдіктінің ұрланған тауарды кездейсоқ адамдарға арзан бағамен сатқаны да белгілі болған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іске қатысы бар азамат ұрлық жасағанын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұрын елордада осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Астана қаласының Полиция департаменті сауда қызметкерлеріне қырағы болып, дүкендерден жасалатын ұрлықтың алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылдауды ұсынады. Тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелерін орнату міндетті болып табылады.