Астанада полицейлер ер адамнан вейп тәркіледі
Астанада полицейлер ер адамнан вейп тәркіледі, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 26 жастағы азаматты ұстады. Оның автокөлігінен 4 электронды құрылғы табылып, тәркіленді.
Жас жігіттің айтуынша, ол вейптерді жеке тұтыну үшін әлеуметтік желісі арқылы сатып алғанын мойындады.
Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің электронды темекі құрылғыларын және оларға арналған сұйықтықтарды тарату фактілерін тексеруде. Өйткені 2024 жылдың 19 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасында вейптерді сату, өндіру және таратуға, соның ішінде оларды әлеуметтік желілер арқылы сатып алуға заң жүзінде тыйым салынған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Құқық қорғау органдары атап өткендей, вейптер азаматтардың денсаулығына, әсіресе жастарға айтарлықтай қауіп төндіреді және тәуелділікке әкеледі.
Полиция ескертеді: электронды темекі құрылғыларын, сұйықтықтарымен хош иістендіргіштерін сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.