Астанада полицейлер есірткі сақтады деген күдікпен екі ер адамды ұстады
Астанада полицейлер есірткі сақтады деген күдікпен екі ер адамды ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында елордалық полицейлер Түркістан көшесінде күдік тудырған ВАЗ 2109 автокөлігін тоқтатты. Есіл ауданының криминалдық полиция қызметкерлері ішінде болған 36 және 30 жастағы екі ер адамды есірткі сақтады деген күдікпен ұстады.
Көлікті тінту барысында жедел уәкілдер ақшыл-сарғыш түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 4 орамды тауып, тәркіледі. Сарапшының қорытындысына сәйкес, бұл зат мефедрон есірткі құралы болып шықты.
Белгілі болғандай, күдіктілер есірткіні жеке тұтыну үшін әлеуметтік желі арқылы сатып алған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ұсталғандарды медициналық куәландыру кезінде олардың есірткі затын қолданғаны анықталды. Осыған байланысты сот шешімімен олар жауапқа тартылып, Арнайы қабылдағышқа қамалды. 10 тәуліктік мерзім аяқталғаннан кейін, тергеу жүргізілгенше, уақытша ұстау изоляторына ауыстырылады.
Полиция елорданың тұрғындары мен қонақтарын заңсыз есірткі сақтауға қатысты қандай да бір ақпарат болған жағдайда дереу “102” нөмірі арқылы полицияға хабарласуға шақырады.