Астанада полицейлер есірткі жасырған жігітті ұстады
Астанада полицейлер есірткі жасырған жігітті ұстады, - деп хабарлады Polisia.kz.
Астана қаласында "Қарасора" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер күдік тудырған жас жігітті ұстады. Құқық қорғаушылар Иманбаев көшесіндегі көпқабатты үйдің кіреберісі маңында бір нәрсені бұтаның арасына жасырып жатқан азаматты байқап қалған. Полиция қызметкерлерін көрген ол қашуға әрекеттенгенімен, көп ұзамай қолға түсті.
Тексеру кезінде ұсталған 23 жастағы жігіттің шалбарының қалтасынан өсімдік тектес зат салынған 27 орама табылып, тәркіленді. Сонымен қатар оның жасырмақ болған жерінен осындай тағы бір пакет алынды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың гашиш екенін анықтады.
Белгілі болғандай, күдікті есірткі тасымалдау жұмысын интернет арқылы бір ай бұрын тапқан. Ол алдын ала дайындалған, изолентаға оралған есірткі пакеттерін жасырын орындардан алып, қалташа әдісімен таратқан.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Полиция ескертеді: есірткіні "қалташа әдісімен" тарату – аса ауыр қылмыс. Жастардың есірткі бизнесіне тартылуына және психотроптық заттарды қолдануына жол бермеу мақсатында тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының интернеттегі байланыстары мен SMS-хабарламаларына, достық ортасына және әлеуметтік желідегі топтарына мұқият назар аударуға шақырады.