Астанада полицейлер фитозертхананың жұмысын тоқтатты
Астанада полицейлер фитозертхананың жұмысын тоқтатты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында 34 жастағы жергілікті тұрғынды марихуана өсіргені үшін ұстады.
Анықталғандай, ол өз үйінде фитозертхана ұйымдастырған. Үйінде арнайы бөлме бөліп, қажетті жабдықтар орнатқан. Медициналық білімі бар ол өсіру процесін мұқият зерттеп, қажетті барлық кезеңдерді сақтаған.
Тұрғылықты жерінде тінту жүргізу барысында полиция қызметкерлері ерекше иісі бар өсімдік тектес бұталар өсірілген ыдыстарды тапты. Сондай-ақ ультракүлгін шамдар, ауа алмасу жүйесіне арналған желдеткіш, шегуге арналған құрылғы, электронды таразы, тұқым ұнтақтайтын аппарат, марихуана тұқымдары және есірткі өсіруге арналған арнайы құралдар тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған үлгілер құрамында есірткі бар каннабис текті өсімдіктер екені анықталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Полиция департаменті азаматтарды ескертеді: құрамында есірткі бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.