Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полицейлер интернет-алаяқтығына қарсы қаржылық сауаттылықты арттыруда

Астанада полицейлер интернет-алаяқтығына қарсы қаржылық сауаттылықты арттыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет алаяқтығының алдын алу және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін күшейту мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Осы бағыттағы кезекті шара барысында басқарма қызметкерлері бірқатар медициналық мекемелердің ұжымына, соның ішінде қалалық №9 емхана мен Есіл ауданы әкімдігі мамандарына арнайы дәріс өткізді.

Кездесуде қатысушыларға интернет алаяқтығының кең таралған түрлері мен олардың негізгі белгілері таныстырылып, дербес деректерді және банк карталарын қорғау тәсілдері түсіндірілді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерден сақтану, қаржылық құралдарды қауіпсіз пайдалану қағидалары жан-жақты түсіндірілді.

Мамандар азаматтардың сауалдарына жауап беріп, практикалық кеңестермен бөлісті. Киберқылмыстардың алдын алуға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Полиция тұрғындарды интернет кеңістігінде қырағы әрі сақ болуға, белгісіз сілтемелерге өтпеуге және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру