Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полицейлер кальян шегуге тыйым салу талаптарын бақылауды күшейтті

Астанада кальян шегуге тыйым салу талаптарының бұзылу фактілері анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада полицейлер темекі өнімдері мен кальян қоспаларын белгіленбеген жерлерде тұтынуға тыйым салу туралы заңнаманың сақталуын бақылауды жалғастыруда. Жыл басынан бері темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальян темекісі мен қоспаларын, темекіні қыздыру жүйелерін тұтынуға қатысты 5 500-ден астам құқық бұзушылық анықталған.

Соңғы тәулікте жүргізілген рейд барысында Байқоңыр ауданының полицейлері Иманов және Кенесары көшелеріндегі лаундж-барда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылықты тіркеді. Сонымен қатар темекі шегуге тыйым салынған орында қызмет көрсеткені үшін аталған мекеме 441-баптың 3-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Елімізде қоғамдық орындарда – дәмханаларда, мейрамханаларда, клубтарда, демалыс орындары мен көшелерде кальян шегуге толық тыйым салынған. 2020 жылдан бері “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске сәйкес, мұндай шектеулер халықтың денсаулығын сақтау және никотинге тәуелділікті азайту мақсатында енгізілген.

Полиция азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауға және қоғамдық орындарда тыйым салынған заттарды тұтынбауға шақырады. Рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру