Астанада полицейлер марихуананың үлкен партиясымен есірткі сатушыны ұстады
Астанада полицейлер марихуананың үлкен партиясымен есірткі сатушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана қаласы ПД қызметкерлері есірткі таратқан деген күдікпен 48 жастағы тұрғынды ұстады. Ұсталғанның тұрғылықты жерін тінту кезінде қонақ бөлмесіндегі жәшіктен жалпы салмағы 6 келі болатын 12 бума үндістандық марихуана табылды.
Сонымен қатар полицейлер оралған және одан әрі сатуға дайындалған 62 есірткі салған пакеттер болғанын анықтаған. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 6 кг 621 гр құраған.
– Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, күдікті полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Елордада есірткі жеткізу және сатумен айналысатын жеткізу арнасы және оның сыбайластарын анықтау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы Рустам Ғасизов.
Жыл басынан бері елордада заңсыз айналымнан барлығы 56 келіден астам әртүрлі препараттар тәркіленген.