Астанада полицейлер тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарға қатысты тексеру жүргізуде
Астана қаласында полицейлер тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарға қатысты тексеру жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарға қатысты кешенді тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде екі мыңға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 750-ге жуығы қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін жауапқа тартылған.
Бұл шаралар қалалық құқықтық тәртіпті сақтау мен әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарға дер кезінде көмек көрсетуді көздейді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғылықты жері жоқ азаматтардың құқықтық мәртебесін реттеуге, қажет болған жағдайда оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге де назар аударуда.
Полиция елорда тұрғындарын қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосуға, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған азаматтарға бейжай қарамай, жанашырлық танытуға шақырады.