Астанада полиция 1700-ге жуық жол ережесін бұзу фактісін анықтады
Астанада полиция “Қауіпсіз жол” жедел алдын алу іс-шарасында 1700-ге жуық жол ережесін бұзу фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында қала аумағында “Қауіпсіз жол” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.
Бұл іс-шара жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге, жол қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған.
Полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға баса назар аударды. Іс-шараның екі күнінде 1700-ге жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталды. Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 11 құқық бұзушы, қарсы жолаққа шығып кеткені үшін – 29, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткені үшін 64 жүргізуші, белгіленбеген жолдан өткені үшін 255 жаяу жүргінші ұсталды. Сондай-ақ полицейлер авариялық ахуал туғызудың 62 дерегін анықтады.
Сонымен қатар “Қорғау” мобильді қосымшасының көмегімен жалған немесе мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көлік құралдарын басқарған 12 тұлға анықталып, 46 автокөлік Астана қаласының коммуналдық тұрағына орналастырылды.
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары қала көшелерінің бірінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған Toyota автокөлік жүргізушісін анықтап, ұстады. Жүргізуші қарсы жолаққа шығып, екі жолақты кесіп өткен. Бұл әрекет жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуы болып табылады және көлік құралдарын басқару ережелерін елемеу салдарынан жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін еді.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция департаменті барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өзге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады. Кез келген жол қозғалысы ережелерін бұзу адам өміріне қауіп төндіретінін еске саламыз.