Астанада полиция 9 алаяқтық эпизодқа қатысы бар әйелді ұстады
Астанада полиция 9 алаяқтық эпизодқа қатысы бар әйелді ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полицияға жергілікті тұрғын бейтаныс әйелге қатысты арызбен жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Нұра ауданының криминалдық полиция қызметкерлері 45 жастағы азаматшаны ұстады. Ол жылжымайтын мүлік алуға көмектесемін деген сылтаумен жәбірленушінің ақшалай қаражатын алдап алған.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті әйел өзінің қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында ерекше “табыс табу жоспарын” ойлап тапқан. Жәбірленушінің сеніміне кіріп, өзін риелтор ретінде таныстырып, тиімді шарттармен пәтер сатып алуға көмектесемін деп уәде берген. Өз үйі жоқ, жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жәбірленуші оның ұсынысына сеніп, ақшасын берген. Келтірілген материалдық шығын көлемі – 40 миллион теңге.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктінің осындай 9 алаяқтық эпизодқа қатысы бар. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды сақ болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады. Тәртіп сақшылары тұрғындарды өздерін алдауға жол бермеуге үндейді.