Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полиция алаяқтар ұрлаған қаражатты иесіне қайтаруға көмектесті

Астанада полиция алаяқтар ұрлаған қаражатты иесіне қайтаруға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада алаяқтық жолмен иемденілген ақшалай қаражат өз иелеріне қайтарылды. Жәбірленушілер қаладағы "iKOMEK 109" мониторинг және жедел әрекет ету байланыс орталығы арқылы Астана қаласы Алматы ауданы полиция бөлімінің тергеушісі Шыңғыс Әмбеге алаяқтық дерегін жедел ашып, көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

Жәбірленушілердің айтуынша, олар әлеуметтік желілерден белгіленген талаптарды айналып өтіп, зейнетақы жинақтарын шешіп беруге қатысты хабарландыруды көрген. Бейтаныс адамға сенім артқан ерлі-зайыптылар қызметі үшін ақша аударған. Кейін өздерінің алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, дереу полицияға жүгінген.

Өтініш түскен күні-ақ полиция қызметкерлері күдіктінің деректерін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ақшалай қаражат сол күні заңды иелеріне қайтарылды. Ерлі-зайыптылар полиция департаменті басшылығына, сондай-ақ тергеушінің өзіне кәсібилігі, жеделдігі және бейжай қарамағаны үшін алғыс білдірді.

Алаяқтықтың алдын алу мақсатында полиция азаматтарды күмәнді хабарландыруларға сенбеуге, бейтаныс тұлғаларға ақша аудармауға және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырады.

Тұрғындар тарапынан берілген жоғары баға – полиция жұмысының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Азаматтарға көмек көрсету, қолдау білдіру және олардың құқықтарын қорғау құқық қорғау органдары қызметінің басты басымдығы болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру