Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полиция екі ұрлыққа қатысы бар мас ер адамды ұстады

Астанада полиция екі ұрлыққа қатысы бар мас ер адамды ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

“Қылмысты тоқтату” жедел алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер бір күнде екі рет ұрлық жасаған деген күдікпен ер адамды ұстады.

49 жастағы Астана тұрғыны алкогольдік мас күйде алдымен қаладағы қонақ үйлердің бірінің холына кіріп, қызметкерлердің аңғалдығын пайдаланып, екі телефонды ұрлап кеткен. Оның бірі – әкімшіге тиесілі болса, екіншісі – қонақтардың бірі қуаттауға қалдырған құрылғы болған.

Кейінірек күдікті телефон аксессуарларын сататын бөлімге кіріп, сауда сөресінің артына өтіп, витринадан құлаққапты жымқырып кеткен. Бұл жолы да ол бақылаудың жоқтығын және тауардың ашық орналасуын пайдаланған.

Күдіктінің жеке басы бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы жедел анықталып, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Полиция мүліктік қылмыстардың алдын алу және ашу бағытында жұмыстарды жалғастырып жатыр және сауда орындарының иелері мен қызмет көрсету саласының өкілдеріне қауіпсіздік шараларын күшейтудің маңыздылығын ескертеді: тауарларға тікелей қолжетімділікті шектеу, жеке заттарды қараусыз қалдырмау, нысанды бақылаумен қамтамасыз ету және күдікті әрекеттерге жедел әрекет ету қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру