Астанада полиция гастролер ұрыларды “ізін суытпай” ұстады
Астанада полиция гастролер ұрыларды “ізін суытпай” ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
15 шілде күні Астана қаласының тұрғыны полицияға пәтер ұрлығы жөнінде хабар берді. Үй иелері сыртта болған сәтте белгісіз біреулер терезені сындырып, пәтерге кіріп, ақша, зергерлік бұйымдар мен алтын әшекейлерді ұрлап кеткен.
Криминалдық полицияның жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында күдіктілер қысқа мерзімде анықталды. Олар — бұрын бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін сотталған Қостанай облысының екі тұрғыны болып шықты.
Ұрланған заттардың барлығы тәркіленіп, ұсталғандар қамауға алынды. Қазіргі уақытта сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды қарапайым сақтық шараларын ұстануға шақырады:
— Сенімді құлып пен дабыл жүйесін орнатыңыз — тіпті қарапайым бейнебақылау камерасы да қылмыскерді тоқтатуы мүмкін.
— Әлеуметтік желілерде үйден кететініңізді жария етпеңіз — бұл ақпаратты ұрылар пайдалануы мүмкін.
— Пәтеріңізді көршілерге немесе консьержге сеніп тапсырыңыз — бөгде көздер қылмыскерді алаңдатады.
— Құнды заттарды банкте сақтаңыз — сейф сөреге қарағанда әлдеқайда қауіпсіз.
ҚР Ішкі істер министрлігі азаматтарды “Заң мен Тәртіп” қағидатын сақтауға шақырады.