Астанада полиция мас жүргізушілерді анықтады
Астанада полиция мас жүргізушілерді анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада жыл басынан бері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған 900-ден астам жүргізуші анықталып, олар заң бұзғаны және жанындағылардың өміріне қауіп төндіргені үшін жауапкершілікке тартылды.
Осыған ұқсас құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында елордада “Мас жүргізуші — қылмыскер” атты жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алып, көлікті масаң күйде басқарған азаматтарды жауапқа тарту.
Тек өткен демалыс күндері аталған ЖПІШ аясында Астанада 36 мас жүргізуші ұсталды. Мысалы Кабанбай батыр даңғылы бойында Kia Cerato көлігінің жүргізушісі кіруге тыйым салынған белгісін елемей, патрульдік полиция экипажы тарапынан тоқтатылды.Тексеру барысында одан алкогольдік ішімдіктің белгілері байқалып, бұл факт кейін медициналық сараптамамен расталды.
Сот шешімімен оған 15 тәулікке әкімшілік қамау және көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айыру жазасы тағайындалды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Мас жүргізушілердің қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу – полицияның басты міндеттерінің бірі. Рейдтік шаралар тұрақты түрде, әсіресе демалыс күндері жүргізіледі. Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылап, масаң күйдегі белгілерді анықтап, қауіпті жағдайлардың алдыналуда.
Полиция ескертеді: көлікті масаң күйде басқару – бұл жай ғана әкімшілік құқық бұзушылық емес, бұл – адам өміріне төнген нақты қауіп. Егер сіз мас күйде көлік жүргізгелі жатқан адамды көрсеңіз, бей-жай қалмаңыз — “102” нөміріне хабарласыңыз.