Астанада полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды күшейтуде
Астанада полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды күшейтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ дағдарыстық жағдайға тап болған әйелдер мен балаларды қорғау бағытында кешенді жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Негізгі назар – көмекке мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтауға, тәуекелдерді бағалауға және жағдай қайталама немесе неғұрлым ауыр құқық бұзушылыққа әкелмей тұрып тиісті шаралар қабылдауға аударылған.
Басты бағыттардың бірі – зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету. Дағдарыс орталықтарына 149 әйел мен 160 бала орналастырылды. Олардың әрқайсысына психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда мамандар қауіпсіздік, баспана және отбасыны одан әрі сүйемелдеу мәселелерін шешуге жәрдемдеседі.
Жұмыс "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Апта сайын психологтар, медиаторлар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен кешенді іс-шаралар өткізіледі. Бүгінде осындай 85-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, отбасылық-тұрмыстық жанжалға бейім 3 мыңнан астам адам қамтылды.
Дағдарыстық жағдайларды ерте анықтаудың қосымша құралы – FSM Social жүйесі. Оның көмегімен дағдарыстық жағдайдағы 55 отбасы анықталды. Әрбір жағдай бойынша тиісті мамандарды тарта отырып, ведомствоаралық сүйемелдеу ұйымдастырылып, қажетті көмек көрсету шаралары қабылданды.
Полиция сондай-ақ "Тұрмыс", "Стоп сталкинг", "Қауіпсіз үй" және "Қазақстан – отбасындағы зорлық-зомбылықсыз ел" жедел-профилактикалық іс-шараларын тұрақты түрде өткізеді. Олардың негізгі мақсаты – құқыққа қайшы әрекетке бейім адамдарды анықтау, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және зорлық-зомбылыққа немесе оны жасау қаупіне тап болған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әрбір анықталған фактісі бойынша тәуекел деңгейіне бағалау жүргізіледі. Жағдайға қарай заңнамада көзделген профилактикалық ықпал ету шаралары қабылданып, зардап шеккендерге қажетті әлеуметтік, психологиялық, медициналық және құқықтық көмек көрсетіледі.
Полиция профилактиканың басты міндеті – жанжалдың қайғылы жағдайға ұласуын күтпеу екенін атап өтеді. Мәселені бастапқы кезеңде анықтап, қауіп төнген адамдарды қорғау және зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу маңызды.
