Астанада полиция қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды ұстады
Астанада полиция қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың басынан бері елорда полициясы бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдірудің 4 фактісін анықтады, ал өткен жылы 363 жағдай тіркелген болатын.
Соңғы болып жатқан оқиғалар құқық бұзушылықтармен күрес мәселенің өзектілігін растайды. Мәселен, 27 жастағы елорда тұрғыны сол жағалаудағы тұрғын үйдің кіреберіс есігінің әйнегін қасақана сындырған. Полицейлер құқық бұзушының жеке басын жылдам анықтап, оны ұстады. Сот шешімімен ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары кіреберістегі кафельді қасақана бүлдірген 34 жастағы азаматтың жеке басын анықтады. Сот шешімімен ол 15 күнге қамауға алынды.
– Мемлекет басшысы 2023 жылғы сөйлеген сөзінде тәртіп пен заңға құрмет көрсетілетін қоғам өркениетті болатынын атап өткен. Біз бұл ұстанымды толық қолдаймыз. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз, сондықтан да заң бұзып, қаладағы мүліктерді бүлдіретіндерге қарсы шаралар қабылдауды жалғастырамыз. Барша азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, өзгелердің еңбегін құрметтеуге және заңды қатаң сақтауға шақырамыз, – деді Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.