Астанада полиция қызметкерлері еріктілерге алғыс айтты
Астанада полиция қызметкерлері еріктілерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын 5 желтоқсанда Халықаралық еріктілер күні аталып өтеді. Бұл күн – қоғамдағы еріктілердің маңызды рөлін атап өтуге және олардың риясыз еңбегіне алғыс білдіруге арналған. Астана қаласы полиция департаментінде полицияға қолдау көрсетіп жүрген еріктілер ұйымдардың белсенділеріне арналған мерекелік шара өтті.
Еріктілер хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіруге көмектеседі, профилактикалық акцияларға, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған басқа да бастамаларға қатысады. "Лидер KZ" және "АСАР" іздестіру-құтқару жасағының өкілдеріне ерекше алғыс айтылды. Олар полицейлермен бірігіп жұмыс істеп, маңызды бағыттарда белсенді үлес қосып келеді.

Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың атынан волонтёрлерге алғыс хаттар, гүлдер және естелік сыйлықтар табысталды. Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиев еріктілердің, әсіресе адамдарды іздеу ісіндегі үлесінің маңызын атап өтіп, ынтымақтастық үшін шынайы алғыс білдірді.
