Астанада полиция қызметкерлері жоғары кәсібилігі үшін тұрғындар тарапынан алғысқа ие болды
Астанада полиция қызметкерлері жоғары кәсібилігі үшін тұрғындар тарапынан алғысқа ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерінің еңбегі – қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тірек. Бұл – күн сайын сұранысқа ие, бірақ көбіне көлеңкеде қалатын қажырлы еңбек. Сол себепті, қарапайым халық тарапынан білдірілген шынайы алғыс – бұл қызметке берілген әділ баға мен терең құрметтің көрінісі.
Астана қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасына қарасты киберқылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы Ерік Оразғалиев пен тергеуші Дамир Ахметжановқа "ZAMAN KRG" мүгедектер қоғамдық бірлестігінен осындай жүрекжарды алғыс келіп түсті. Бұл – азаматтардың жоғалтқан үмітін қайта оралтып, әділдікті қалпына келтірген офицерлердің еңбегіне берілген шынайы ризашылық.
Күдікті қылмыстық істі тергеу барысында аталған мамандар кәсіби шеберлік, жанашырлық пен табандылық танытып, істің мән-жайын толық анықтады. Тергеу нәтижесінде азаматтарға келтірілген материалдық шығын толық өтеліп, әділдік салтанат құрды.
- Өкінішке қарай, интернет-алаяқтықтың кең таралуы жағдайында мұндай нәтижелер жиі бола бермейді. Көп жағдайда азаматтар қаражатын қайтара алмай, қылмыскерлер жауапкершіліктен жалтарып жатады. Алайда Ерік Бақытжанұлы мен Дамир Каримұлы сияқты кәсібіне адал офицерлер барда, халықтың болашағына деген сенімі мен әділетке деген үміті сақталады, – делінген алғыс хатта.
Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, бұл полиция қызметкерлері тек алғысқа ғана емес, мемлекеттік марапатқа да әбден лайық. Олар – ар-намысын ту еткен, заңға берік, әділет жолында аянбай еңбек ететін нағыз азаматтар.
Бүгінгі бейбіт өмірдің берекесін сақтау жолында күндіз-түні еңбек етіп жүрген осындай офицерлердің еңбегі — жас ұрпаққа үлгі, елге – сенім.