Астанада полиция саяжай алқаптары мен қала маңында тексерісті күшейтті
Астанада полиция саяжай алқаптары мен қала маңында тексерісті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінде жеке құрамның саптық жиыны өтті. Онда "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтерді ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Департамент басшылығы елорданың әр ауданына бағытталған міндеттерді атап өтіп, әсіресе шағын аудандарға, саяжай алқаптары мен қала маңындағы аймақтарға ерекше назар аударуды тапсырды.
Рейдтердің негізгі мақсаты — есепте тұрған тұлғаларды, көші-қон заңнамасын бұзған азаматтарды, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібін сақтамағандарды анықтау. Учаскелік полиция инспекторлары мен жедел қызметкерлер қоғамдық тәртіп бұзушылықтарды, заңсыз құрылыс фактілерін, тұрмыстық жанжалдарды алдын алу, ұсақ бұзақылық және өзге де құқық бұзушылықтарды болдырмауға ерекше көңіл бөледі.
Іс-шара басталар алдында жеке құраммен нұсқаулық өткізіліп, құқықтық және қызметтік тәртіпті сақтау, халықпен өзара әрекеттесу, бекітілген аумақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Кешенді тексерістердің нәтижесінде бір күн ішінде "Қоянды" саяжай алқабы мен "Учхоз" тұрғын массиві аумағында полицейлер шамамен 1000 үйді аралады. Тексеру барысында есепте тұрған екі "дәлелді күдікті" азамат ұсталды. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған 20-ға жуық шетелдік анықталып, оларға әкімшілік шаралар қолданылды.
Жалпы алғанда, шамамен 140 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде: қоғамдық орында алкоголь ішу — 10 факт, тіркеусіз тұру — 103 факт, абаттандыру қағидаларын бұзу — 22 факт, малды өз бетінше бағу — 2 факт, тұрғындарды тіркеусіз қоныстандыру — 2 факт.
Полиция мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізіліп тұратынын, олардың негізгі мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
