Астанада пробация қызметі "Мектепке жол" акциясын өткізді
Астанада пробация қызметі "Мектепке жол" акциясын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы Сарыарқа ауданында "Мектепке жол" атты қайырымдылық акциясы өтті. Шара Сарыарқа ауданы әкімдігі, аудандық прокуратура, Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің Сарыарқа аудандық пробация қызметі және "Қазақстан азаматтары" қоғамдық қорының бірлесуімен ұйымдастырылды. Акция бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалар мен олардың отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізілді.
Іс-шара барысында пробация қызметінде есепте тұрған отбасылардың балаларына мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарларының толық жинағы табыс етілді. Бұл көмек ата-аналар үшін тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғам тарапынан көрсетілген қамқорлықтың белгісі болды.
— Осындай қамқорлықты көргенде, жалғыз емес екеніңе сенімді боласың. Балаларға мектепке дейін қуаныш сыйлағаны үшін алғысымыз шексіз, — деді ата-аналар.
Мұндай бастамалар пробациялық бақылаудағы отбасылардың әлеуметтік бейімделуіне септігін тигізіп, балалардың өз қатарластарымен тең дәрежеде сезінуіне мүмкіндік береді.