Астанада ҚАЖ қызметкерлері жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру кездесуін ұйымдастырды
Астанада ҚАЖ қызметкерлері жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру кездесуін ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Ильяс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру бағытында кездесу өткізді.
Қазіргі таңда 11-сынып оқушылары үшін өзекті мәселелердің бірі – жоғары оқу орнына түсу және болашақ мамандықты дұрыс таңдау. Осыған байланысты кездесу барысында департамент қызметкерлері Ішкі істер органдарында қызмет атқару мүмкіндіктері туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Оқушыларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясының қызметі, білім беру бағдарламалары, оқуға түсу талаптары мен шарттары, сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейінгі қызмет өткеру тәртібі жан-жақты таныстырылды.

Кездесу барысында мектеп оқушылары ІІО мен қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметке үлкен қызығушылық танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын белсенді түрде қойды. Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құраммен жұмыс бөлімінің инспекторы әрбір оқушының сұрағына жеке-жеке тоқталып, толық әрі сауатты жауаптар берді.
Айта кетерлік жайт, кездесуге қатысқан оқушылардың арасында қыз балалардың да қызметке деген қызығушылығының жоғары болғаны байқалды. Бұл – қазіргі таңда қыздардың да Ішкі істер органдарында қызмет етуге деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар профилактикалық мақсатта оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алуға және заң алдындағы жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бейнеролик көрсетілді.
– Мұндай кездесулер мектеп бітіруші түлектерге ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктерін таныстырып қана қоймай, заң мен тәртіпке деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы аптада қала мектептерінде қосымша профилактикалық шаралар өткізу жоспарлануда. Бұл шаралар барысында оқушыларға жастар арасында жиі кездесетін өзекті мәселелер көрсетіліп, заң алдындағы жауапкершілік туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады, – деп пікір білдірді Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері.
