Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада ҚАЖД қызметкерлері мерекелік іс-шара ұйымдастырды

Астана қаласындағы "Жастар" мәдениет сарайында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты концерттік іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мерекелік кеш шеңберінде Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлерін ұлықтау рәсімі ұйымдастырылып, салтанатты марапаттаумен қатар шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мазмұнды концерт өтті.

Іс-шараны ҚАЖ департаментінің басшылығы ашып, қоғам тыныштығын қамтамасыз етудегі абыройлы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен табандылығы үшін әріптестеріне алғыс білдірді.

Салтанатты бөлімде құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген бірқатар қызметкерлерге құрмет грамоталары, алғыс хаттар, ведомстволық марапаттар мен естелік медальдар табысталды. Сондай-ақ ардагерлер мен қызметкерлердің ата-аналарына да ерекше құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тарту етілді.

Концерттік бағдарламада вокалдық өнерпаздар мен би ансамбльдері, шығармашылық ұжымдардың патриоттық қойылымдары ұсынылды. Сонымен қатар департамент пен оған қарасты мекемелердің қызметкерлерінен құралған хор ұжымы да сахна төрінен көрінді. Көрермен қауым әрбір өнер нөмірін зор ықыласпен қабылдап, жылы лебізін білдірді.

Кеш барысында Ұлы Отан соғысының шежіресінен сыр шертетін "Сұрапыл соғыс" атты бейнеролик көрсетілді. Онда аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлы басқарған батальонның Волоколамск тас жолы бойындағы Матренин ауылында жаумен ерлікпен шайқасқаны баяндалды.

Бұл тағылымы мол кеш қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің мәртебесінің биік екенін тағы бір мәрте айғақтап, ұжымдық рухты нығайтуға және патриоттық тәрбие беруге зор серпін берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру