Астанада қоғамдық қауіпсіздік күшейтілді: полиция департаменті гарнизондық таратылым өткізді
Астанада халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қарсаңында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция департаменті күшейтілген қызмет режиміне көшіп, жалпы гарнизондық таратылым өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада "Астана" халықаралық экономикалық форумы мен "Орталық Азия — Италия" саммитінің қарсаңында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне көшірілді.
Қауіпсіздік шараларын күшейту аясында қала көшелеріндегі полиция жасағының саны арттырылып, жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері арқылы қоғамдық орындарға бақылау күшейтілді. Сонымен қатар тәртіпті сақтау үшін басқа өңірлерден келген қызметкерлер мен Ұлттық ұлан сарбаздары да жұмылдырылды.
Осыған орай Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың төрағалығымен жалпы гарнизондық таратылым өтті. Шара барысында жеке құрамның дайындық деңгейі тексеріліп, қызмет барысында тәртіпті қатаң сақтау, тұрғындармен сыпайы және мұқият қарым-қатынас жасау міндеті жүктелді.
Департамент бастығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бұл шаралар елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтіп, әрбір қызметкерді өз міндетіне адал әрі жауапкершілікпен қарауға шақырды.