Астанада құрылыс нысанынан ұрлық жасаған күдікті ұсталды
Астанада құрылыс нысанынан ұрлық жасаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгілі болғандай, ер адам досымен бірге құрылыс алаңының жанында демалып, алкогольдік ішімдік ішкен. Әңгіме барысында ер адам досының бұрын осы нысанда жұмыс істегенін және құралдардың қайда сақталатынын білген.
Досы үйіне кеткеннен кейін, ер адам жағдайды пайдаланбақшы болады. Ол құрылыстан құралдарды ұрлап, 900 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Күдікті еш саспастан такси шақырып, ұрланған заттарды өзімен бірге алып кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Есіл ауданының ПБ қызметкерлері 30 жастағы ер адамның жеке басын анықтады. Сондай-ақ ер адам бұрын осындай қылмыстар үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция заттай дәлелдемелерді тәркілеп, иесіне қайтарып берді.