Астанада рейд кезінде мас ер адам ұсталып, сот үкімімен қамауға алынды
Астанада полиция рейді кезінде мас ер адам ұсталып, сот үкімімен қамауға алынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Нөлдік төзімділік" қағидаты аясында профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Осындай рейдтердің бірінде Сарыарқа аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Сарыарқа даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің бірінің дәлізінде мас күйде жатқан ер адамды анықтады. Тексеру барысында оның бұған дейін де осындай құқық бұзушылықтар жасағаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабының 3-бөлігіне сәйкес іс қозғалып, сот шешімімен ол 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті.
