Астанада сарбаз бен анасының әсерлі кездесуі көпшілікті толқытты
Астанада сарбаз бен анасының әсерлі кездесуі көпшілікті толқытты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының теміржол вокзалында әскери борышын өтеп келген сарбаз анасымен сағынышты сәтте қауышты. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ана мен баланың ерекше махаббаты, шынайы қуанышы көрініс тапқан.
Кадрлардан сарбаздың вокзал маңында елеңдеп, анасын іздеген сәтін көруге болады. Ол артына қарағанда алыстан келе жатқан анасын байқап, бірден жүгіре жөнеледі. Сол мезетте анасы да баласын құшағына алып, мейірімге толы ыстық сезімін білдіреді. Бұл әсерлі көрініс ананың мейірімі мен баланың сағынышын айқын көрсетіп, көпшіліктің жүрегіне жылулық ұялатты.
Бұл оқиғаның кейіпкері – қатардағы жауынгер Медеу Жақсыбаев. Ол Ақмола облысының Степногорск қаласындағы Ұлттық ұланның 3517 әскери бөлімінде қызмет еткен. Әскерге 2023 жылдың 13 желтоқсанында шақырылған жас сарбазды бұл жолға жетелеген – оның анасы Гаухар Ыбырайым.
Гаухар Ыбырайым баласын әскерге дайындаудың артында жатқан оқиғамен бөлісті.
– Былтырғы қыста Медеудің нағашыларына тойға барғанбыз. Қайтып келгеннен кейін бірден әскерге шақыру қағазы келді. Еш ойланбастан оны аудандық әскери комиссариатқа ертіп бардым. Барлығы жылдам өтті, ұлымды әскер қатарына алып кетті. Балаларымның Отан қорғау міндетін атқаруы – мен үшін зор мақтаныш. Алғашында үлкен ұлым Саятты әскерге жіберерде қатты уайымдадым. Алайда оның әскерде тегін грант иеленгенін көріп, бұл шешімімнің дұрыс екенін түсіндім. Саят Ұлттық ұланның Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінде қызмет еткен. Енді міне, кіші ұлым ағасының жолын жалғап, абыроймен борышын өтеп келді. Теміржол вокзалындағы кездесуде толқыған сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Балаларымды мақтан етемін. Егер әскери қызметті таңдаса, олардың шешіміне әрдайым қолдау көрсетемін, – деп бөлісті ана.
Қатардағы жауынгер Медеу Жақсыбаев борышын өтеп болған соң, Түркістан облысы Ордабасы ауданы Көлтоған ауылындағы шаңырағына оралды. Алда оны үлкен өмір мен жаңа жауапкершіліктер күтіп тұр.
Бұл әсерлі оқиға еліміздің жастарын Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандырып, патриоттық рухты көтеретін ерекше мысал болары анық.