Астанада сотталғандар шахматтан турнирге қатысты
Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №3 мекемесінде сотталғандар арасында шахматтан іріктеу онлайн-турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шара 2025 жылдың қазан айында Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) бастамасымен өтетін сотталғандар арасындағы IV Континентаралық шахмат чемпионатына дайындық аясында ұйымдастырылды.
Ойындар онлайн-форматта өткізіліп, бұл халықаралық турнир талаптарына барынша жақын жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Турнир қорытындысы бойынша №3 мекемесінің атынан республикалық кезеңде бақ сынайтын үздік ойыншылар анықталды. Жеңімпаздар Қазақстанның ұлттық құрамасына кіруге және әлемнің 60 елінен 100-ден астам түзеу мекемесін біріктіретін "Бостандық жолындағы шахмат" халықаралық чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.
Шахмат тек стратегиялық ойлауды дамытып қана қоймай, сонымен қатар сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне, өзін-өзі бақылау мен өзара әрекеттесу дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді.