Астанада спортта үздік нәтижелер көрсеткен полицейлер марапатталды
Астанада спортта үздік нәтижелер көрсеткен полицейлер марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінің ғимаратында спорттық жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізген қызметкерлерді салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті.
Қалалық полицияның қызметкерлері түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Олар кәсіби шеберлігімен қатар, мықты дене даярлығын және жеңіске деген жігерін танытты.
Әсіресе ҚР Президенттік көпсайыс чемпионатында жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері ерекше нәтиже көрсетті. Абсолютті чемпион атағын полиция капитаны Избасар Мұсабеков иеленсе, екінші орынды полиция лейтенанты Айхат Ибрашов жеңіп алды.
Сонымен қатар полиция департаментінің құрама командасы "QAZAQSTAN QYZMET CUP" мини-футбол турнирінде бірінші орынды қанжығасына байлады.
Жалпы саны 17 қызметкер спорттағы табандылығы, күш-жігері мен жоғары жетістіктері үшін марапатталды.
Салтанатты жиында әріптестеріне жылы лебіз білдірген басшылық қызметкерлерді құттықтап, олардың спортта да, қызметтік міндеттерінде де жаңа биіктерге жететініне сенім білдірді.