Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада студенттермен есірткіге қарсы профилактикалық кездесу өтті

Астанада студенттермен есірткіге қарсы профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада жастар арасында есірткіден бас тарту мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында кезекті профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Шараны Сарыарқа аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Ағиля Бескемпірова мен Астана қаласы арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының инспекторы Талғат Исатаев жүргізді.

Кездесу барысында студенттерге есірткі заттарының заңсыз айналымы, олардың адам денсаулығына, өмір сапасына және қоғамға тигізетін зияны туралы кең көлемде ақпарат берілді. Құқық қорғаушылар жастарды жат қылықтардан сақ болуға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен жазғы демалыс кезінде орын алуы мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау, қоғамдық орындарда өзін ұстау мәдениеті және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары жан-жақты түсіндірілді.

Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға, олардың салауатты және қауіпсіз өмір салтына бейімделуіне зор ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру