Астанада студенттермен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Астанада студенттермен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Еуразия ұлттық университетінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру.
Дөңгелек үстел жұмысына Астана қаласы полиция департаментіне Алматы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, психологтар мен студенттер қатысты.
Іс-шара барысында Ақдидар Шаримбекова тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін көзделген жауапкершілік туралы баяндап, осы бағыттағы құқық бұзушылықтар бойынша өзекті статистикалық деректерді ұсынды. Сондай-ақ ол жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктері мен қорғау нұсқамаларының қолданылу тәртібіне тоқталды.
Психологиялық қолдау орталығының мамандары отбасылық жанжалдар мен дағдарыстық жағдайларда көрсетілетін психологиялық көмек түрлері, сондай-ақ дағдарыс орталықтарына жүгіну жолдары туралы ақпарат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Өз кезегінде профессор-оқытушылар құрамы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасындағы сыйластық, өзара түсіністік пен жауапкершілікті арттырудың маңызын атап өтіп, тәрбиелік және алдын алу жұмыстарының рөлін ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және осындай профилактикалық кездесулерді тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтті.
