Астанада супермаркеттен ұрлық жасаған тұрғынның әрекеті камераға түсіп қалды
Астанада супермаркеттен ұрлық жасаған әйелдің әрекеті камераға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіруді өткізу барысында Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді. Супермаркетке бала-шағасымен бірге келген әйел адам азық-түліктер алып, кейбір тауарға төлемей, кассадан өтіп кетіп жүрген. Тауарларды жасырып қою мақсатында ол бала арбасын пайдаланған. Алайда бейнебақылау камералары оның барлық әрекетін түсіріп тұрған және онда әйел тауарларды қайда жасырғаны анық көрінеді.
Осылайша теріс ойын үш рет іске асырған әйел бала арбасымен 96 мың теңгеден астам тауар шығарып үлгерген. Ұрланған тауарлардың ішінде спирттік ішімдіктер, өңделген тағамдар, ет, балалар тағамы, косметика және тұрмыстық тауарлар бар.
Қазіргі уақытта әйел адам кінәсін мойындап, оған қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабымен тергеу жүргізіліп жатыр.